- Hовости
Келісім шарт бойынша қалыңдық
Қадірлі қауым, 23 қараша, сағат 19 -00 де А.Айларовтың «Келісім шарт бойынша қалыңдық» комедиясына шақырамыз! Келіңіздер! Қызықты комедиядан қапы қалмаңыздар!
Қадірлі қауым, 23 қараша, сағат 19 -00 де А.Айларовтың «Келісім шарт бойынша қалыңдық» комедиясына шақырамыз! Келіңіздер! Қызықты комедиядан қапы қалмаңыздар!
Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының режиссері Фархат Молдағали республика деңгейінде «Үздік режиссер» атанды. Қара шаңырақта жұмыс істеп жүргеніне небәрі 1,5 жыл болған жас маман өзінің білімі мен біліктілігін Ақтөбе қаласында өткен екінші республикалық «Балауса» фестивалінде дәлелдеген. Фестиваль халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында ұйымдастырылды. Мәдени шарада қазақ театрының актерлары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, өңір намысын абыроймен қорғап шықты.
Фархат Молдағали Рахымжан Отарбаевтың «Нашақор новелласы» спектаклін өзінше етіп қойды. Оған Абайдың «Сегіз аяғын» қосып, атауын «Қасірет» деп өзгертті. Кейіпкерлерді басқа қырынан ашуға тырысты. Еңбегі еш кетпеді. Ақтөбе қаласындағы «Балауса» эксперименталды қойылымдар фестивалінде «Ең үздік режиссерлік шешім» номинациясын ұтып алды. Осыған дейін «Нашақор новелласын» он шақты театр қойған. Сондықтан, Фархаттың мақсаты: басқаларға ұқсамайтын, ерекше қойылым қою еді.
«Егер қойылым осыған дейін сахналаған басқа да театрлардың спектакліндей болса, онда менің режиссерлығымнан не пайда? Өзімнің білімімді дәлелдеу үшін пьесаны өзгерттім, жаңашылдықтар енгіздім. Менбегі мақсат: біріншіджен актерлардың, одан кейін көрероменнің қызығушылығын ояту болды»,-дейді Фархат.
«Қасірет» спектаклі 21 ғасырдың дертіне айналған нашақорлық тақырыбын қозғайды. Әр кейіпкердің өз өмірі, өз арманы бар еді. Тек, есірткінің кесірінен жоспарларының күлі көкке ұшты. Ақтөбедегі фестивальда он шақты режиссердің еңбегі қойылған. Қазылар алқасына ҚР еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мерғалимова төрағалық етті. Тіс қаққан мамандардың жоғары бағасына ие болу жас режиссер үшін үлкен баға. Айта кеткен жөн, Фархат Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, халық әртісі Маман Байсеркеновтың шәкірті. Темірбек Жүргенов атындағы Қаақ ұлттық өнер академиясын тәмамдаған ол теріскейге келгеніне өкінбейді. Фархат Халықаралық театр күніне орай «Театрға қосқан үлесі үшін» Алтын сақамен марапатталған болатын. Ақтөбеден алып келген жүлдесі оның кәсіби шеберлігінің тағы бір дәлелі.
Әуелі әнді тыңда, ән өлмейді,
Әнсіз тамұқ, кең болсын әлем мейлі.
Әлемді кезіп жүрген махаббат бар,
Ән соны әрқашан да дәлелдейді.
М.Мақатаев
Аспантаудан әуелеген аяулы ән! Сенің нәзік иірімге толы әрбір нотаң адам жанына осыншалық жылу сыйлар нендей құдіреті бар еді?!Тіпті, жарық Күннің жылуы да мұздаған жүректерге жалын сыйлауда сенің қасыңда дәрменсіз. Елітіп-егілтетін де, жаныңды жадыратып өмірге ғашық ететін де - сұлу ән! Айлар алмасып, жылдар жылжыса-дағы, уақыттың аласапыран кеңістігіне бағынбайтын жалғыз-ақ ән құдіреті адамзат өміріне сәуле сыйлары анық.
16 жылдық тарихы бар Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ театрының сахнасында Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» сазды-драмасы сахналанды. Жас режиссер Фархат Молдағалиев әйгілі қазақ вальсі королінің өмірінен сыр шертетін туындыны дүйім жұртшылыққа паш етуді жөн көріпті. «Сыған серенадасы» Шәмші Қалдаяқовтың шоқтығы биік туындыларының бірі. Алайда бұл ән композитордың көзі тірісінде халыққа кеңінен таныла қоймаған.
Оны бертін келе Қазақстан эстрадасының әншісі Тоқтар Серіков үлкен сахнаға алып шыққан болатын. Режиссер ән құдіреті мен Шәмші тағдырын сахналау жолында актерлерге қиял көкжиектерін кең құлаш серметіп, оларға өз бейнелерін тиісті деңгейде шығаруға мол еркіндік берген. Сахнаға шыққан актерлер әдемі ансамбль құрай отыра, Шәмші Қалдаяқовтың халық жадында берік сақталған әндерін театрдың шағын симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен құйқылжыта орындады. Бұл жолы бас кейіпкердің бейнесін кескіндеген театрдың жас актері Нұржан Асылхан Шәмшінің сырлы да қиын өмірін игеру, түйсіну жолында көп еңбектенгені көрінді. Ең бастысы, актердің сахна төрінде жанды дауыста ән орындау шеберлігі көпшіліктің көңілінен шықты. Қайсыбір сәттерде әсем ән көкке әуелеген аққуларға үн қосып, жан-дүниеңе жылулық сыйлағандай. Режиссерлік шешімдерді саралай келе, Фархат қойылымды шығару жолында ең алдымен басым күшті актерлік шеберлікке салғандығын айта кеткен жөн. Бас кейіпкердің сахнада өзін-өзі еркін ұстауы, іштегі көңіл толқынысының сыртқы бейнеде көрініс табуы жолында тер төккен еңбегі еш кетпегендігі қуантты.
Нұржан- Шәмшінің Изольда қызбен кездесуіндегі сезім толқыныстары актерлік шеберлікпен көрермен жүрегінен орын алды. Изольданы кескіндеген жас талант Кәмшат Қабошева сыған қызының бойынан табылуға қажетті мінез-құлықтарды мейлінше игеріпті. Ендігі кезекте актрисаға берілген бейнені жасауда ішкі дайындық пен сахна тілін меңгеруде барынша машықтанған абзал. «Сыған серенадасы» - қатарға енді қосылған режиссердің театрда жасаған үшінші спектаклі. Бұған дейін балаларға арналған Мейіржан Әлібектің «Сиқырлы дүрбі» ертегісінің, Барзу Абдураззаковтың «Мама...» драмасының театр төрінде тұсауын кесіп, репетуар тізімін толықтырған болатын. Спектаклдің барысында халыққа кеңінен таныс Шәмші әндері шырқалады.
Осы орайда, театрдың концертмейстері Алмагүл Садықованың еңбегі атап өтуге тұрарлық. Актерлерден құралған хордың симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен мінсіз шырқалуына көп күш жұмсаған Алмагүл Есенқызы осылайша қойылымға қанық рең сыйлады. Театр дирижері Марат Жақыпов оркестрдің үздік деңгейде өнер көрсетуі жолындағы тынымсыз еңбегі өз жемісін берді.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген Өнер қайраткері, белгілі режиссер, профессор Маман Байсеркеновтың шеберханасынан тәлім алған жас суреткер тынымсыз ізденіс үстінде. Сахнаның безендірілуі, жарықтың дұрыс түсуі мен спектакльдегі музыкалық композиция актерлердің кейіпкерге жан бітіруіне тікелей көмек екенін ескерсек, бұл жолы ен даланы мекен еткен сығандар табырын көз алдымызға әкелген тек қана сахнада ілулі тұрған түрлі –түсті маталар еді.
Бұл еркіндікті серік еткен сығандар өмірі ілулі тұрған маталардай бей-берекет шашылған тағдыры іспеттес деген тұжырымға келуіңіз ғажап емес. Сондай-ақ спектаклдің ақырғы нүктесінде айналмалы сахна іске қосылып, Шәмшінің жүрек тебірентер сазды әуенімен аяқталады. Бұл дүрбелең дәуірлердің ырқына бағынбай, небір алмағайып замандар алмасқанымен, Шәмші әнінің өміршеңдігін айғақтағандай.Осынау дөңгеленген дүниені ән ғана әлдилеп, ән ғана жұбататындай! Қойылымды көрген сайын, жаңалық аша түсесіз. Тек соны сезетін жүрек пен көкірек көздің сәулелі болғаны ғана жеткілікті...
Балжан БЕКМАҒАМБЕТОВА,
әдебиет бөлімінің меңгерушісі
«Қызылжар нұры» газетінде жарық көрген
Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының ХІХ маусымының алғашқы премьерасы «Гәргәрбектің гөйгөйі» комедиясы болды. Қойылымның режиссері Фархат Молдағали. Пьеасаны қазақшаға аударған Қазақстанынң еңбек сіңірген қайраткері, белгілі сатирик - Асқар Наймантаев. Татарстанның белгілі драматургы Туфан Миннуллиннің аталмыш шығармасы үлкен екі қызынан әбден көңілі қалған әкенің кіші қызын ата дәстүрмен күйеуге бермек болған ойынан бастау алады. Үш бірдей үміткер Үрпия қызға қол жеткізу жолында өнер көрсетуден, білек күшінен сынға түседі. Өзіне сенімді Жәбіш, еңбекқор Ләтөк және ұялшақ Нәмпай өз намыстарын қолдан бермеуге тырысып бақты. Гәргәрбек рөліндегі Тұрақ Дұрысбеков пен әйелі Қатипаш – Самал Тәшімованың диалогтары, сахнадағы өзара әріптестік әрекеттерінен күнделікті өмірдегі жұптары жазылмаған жұбайлардың сыйластығы, ерін құрметтеген әйел бейнесі, қарабайыр тірліктен тым әбігер мінезге душар болса да, әйеліне деген ізетінен, ынтызарлығынан арылмаған ер азаматтың бейнесі ұтымды шыққаны көрген көзге аса иланымды. Сахнада екеуара шүйіркелесе отырып, ән салуы қойылым реңін қоюлатып, жылы леп сыйлайды. Екі актердің де кейіпкерінің алдында бір мақсат тұр. Ол - ерке қызы Үрпияны қалай да, айдың, күннің аманында, абыроймен құтты орнына қондыру. Үрпия қыз ата-анасының қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп өсірген ең кенже қыздары. Соншалық ерке болғанымен, бойында ата-салтты аттамас тәрбиесі мен ақылы бар бойжеткен. Үрпияның рөлін қазақ театрында күні кеше ғана Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «муздрама» бөлімін тәмамдаған талапты актриса Балғын Сәулет кескіндеді. Ұстазы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев. Саханадағы тіл тазалығы, ерке қызға тән-жүріс тұрысы, орынды еркелігі мен өз бақыты жолындағы батыл күресі әдемі өріліп, бойжеткеннің біртұтас қылығын көрерменге жеткізе білді деуге толық негіз бар. Үрпия-Балғын Сәулет кейіпкерін игеру жолында штампқа жол бермеуге тырысқан. Әр сахнасын өзгеше әрлеп, әр сөзін халыққа дөп жеткізу жолында орынды жұмыс істеген. Болашақта Балғынның қанжығасы оң жанбасынан келетін сәтті рөлдерге толатындығына сенеміз. Алғашқы үміткер Нәмпай- Аманкелді Төлегенов өз кейіпкеріне жан бітіру жолында әлі де еңбек еткен жөн. Нәмпайдың бойынан табылуға тиісті жұмсақ та ұяң мінезді тәрбиелік есіп тұр. Актер өз кейіпкерін таба білді. Еңбекқор Ләтөк (Нұржан Асылхан) есімді тағы бір үміткер Үрпияны қолына қондыру жолында аянып қалмады. Оның ой ұшқырлығы мен табан астында ойлап табар қулығы, сахнада шырқаған әні көрермен жүрегінде ұзақ сақталады. Өзіне сенімді Жәбіштің де жалғыз арманына айналған Үрпия қыз еді. Жәбіштің (Нұрбол Асқаров) сахнадағы кейіпкеріне сай шалт қозғалысы, ширақ қимылы, көркем биі езуге күлкі үйірді, көрерменін сендірді.
Оркестрдің сүйемелдеуімен, жанды дауыстағы әнге құрылған әзілге толы комедияның артқан жүгі аса ауыр екендігі сөзсіз. Осы орайда, театрдың талантты дирижері Марат Жақыпов пен қойылымның жоғары деңгейде сахналануына бір адамдай еңбек еткен өнерпаздардың еңбегі - ерен. Спектакльдің суретшілері Е. Сүлейменов пен А.Тұрғынбаеваның еңбегін атап өткен абзал. Сахнада ілулі тұрған қызылды-жасылды маталар мен заманауи үлгідегі атауы танымал болған пакеттер қу дүниенің соңына жармасқан бүгінгі қоғамның хал-ахуалынан елес беріп тұрғандай. Тек жерге төселген құрақ көрпе үстінен ары-бері сабылған кейіпкерлер салт-дәстүрімізді ұмыт қалдырып бара жатқандығымызды үнсіз айтып жатқандай. Сахнаның арғы жағында көпір орналасыпты. Бұл қаймағы бұзылмаған ауыл көрінісін көз алдыңызға әкеледі.
Комедияның айтар ойы терең, мазмұнында мән бар... Сенбесеңіз, театрға келіңіз, көз жеткізесіз!
Балжан БЕКМАҒАМБЕТОВА,
театртанушы
20-сәуір Петропавлда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері және мәдениет қайраткері Қуандық Қасымов атындағы фестиваль өтті. Облыстық деңгейде ұйымдастырылған шараның басты мақсаты: қазақы өнердің дамуына елеулі үлес қосқан жерлесіміздің атын ұмыттырмау, оның есімін ұлықтау арқылы мәдениеттің дамуына үлес қосу. Фестивальда облыс аудандары мен қаланың әртістері белсенділік танытты.
Қуандық Ишанғалиұлы Қасымов өнер десе ішкен асын жерге қоятын біртуар азамат еді. 1967 жылы Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училищені тәмамдаған соң, СҚО Сергеев аудандық мәдениет үйіне жұмысқа орналасады. Жамбыл, Қызылжар аудандарында мәдениет бөлімінің басшысы болған. Бір сөзінде «Мен өнерге домбыраны тұншықтырған сәтте келдім. Қазір домбыра сахнаның төрінен орын алды» деген екен. Облыстағы көптеген шығармашылық ұжымдардың негізін қалаған да Қуандық Ишанғалиұлы. Соның бірі 70 жылдары құрылған «Ақ бидай» қазақ ұлт аспаптар ансамблі. Ұжым 1980 жылы Мәскеуде өткен олимпиадада өнер көрсеткен. «Ақ бидайдың» бұрынғы мүшелері «Қуандық аға бізге басшы да, бауыр да бола білді» дейді. Оның бауыры әрі досы Уәлихан Қаражігітов «бәріміз Қуандық аға бастаған іске қосылып, оның қасында жүретінбіз. Өнерде бірге жүрген кездер ең бақытты жылдарымыз еді»,-дейді.
Қайда жүрсе де қазақы өнерді насихаттап жүретін Қуандық Ишанғалиұлы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының да дамуына үлес қосқан. Зейнет жасына шыққанша осы мәдени ошаққа басшы болды. Танымал жазушы, драматург, режиссерлармен жұмыс істей алуының арқасында театр жаңа деммен тыныс алды. Репертуар Мағжан Жұмабаев, Балуан Шолақ сынды тарихи тұлғалар жайлы спектакльдермен толықты. Аталмыш театрдың қазіргі директоры Біржан Жалғасбаевтың айтуынша, Қуандық Ишанғалиұлы жаны музыкант болса да, театрда еңбек еткен 7-8 жылда нағыз театрал болып кеткен. Ол Қазақстандағы барлық театр қызметкрелері арасында ерекше құрметке ие болған.
2008 жылы театр жанынан камералық-симфониялық оркестр мен «Алуа» би тобы құрылады. Бұл идеяның басында да Қуандық Ишанғалиұлы тұрған. Уақыт өте келе би тобы 70-тен астам өнерпазы бар ансамблге айналды. Бірнеше халықаралық байқауларға қатысып, талай рет жүлдемен оралды. Көркемдік жетекшісі Жанна Темірбаеваның айтуынша, «Алуаның» ашылуы өте орынды еді. Себебі, бұл ой қазақ театрының дамуына ғана емес, талай дарынды жастардың өнердегі орнын табуға сеп болды.
Қуандық Ишанғалиұлы атындағы фестиваль өткізу оның өнер жолындағы достарының ой тастауымен қолға алынған. Ұйымдастырушылар игі дәстүрдің жалғасын табатынына сенімді. Фестивал соңында барлық қатысуышларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Биыл Ақтау қаласында тұңғыш рет өткізіліп отырған І республикалық «Әбіш әлемі» театрлар фестиваліне облысымыздағы өнер қара шаңырағы С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры да қатыспақ ниетте жол тартқан болатын. Театр керегесінің кең қанат жайып, шаңырағының еңсесі биік болуына талай жыл білек сыбана тер төгіп жүрген білікті режиссер, ҚР мәдениет қайраткері Баатырбек Шамбетов Әбіш Кекілбаевтің «Аңыздың ақыры» романының желісі бойынша «Махаббат мұнарасы» атты дала балладасының тұсауын кесіп, сахна төріне шығарды. Бұл спектаклдің тұсауы кесілер-кесілмес болып, үлкен олжалы болған жайы бар. Таяуда, Ақтау қаласында өткен «Әбіш әлемі» І республикалық театрлар фестивалінде «Актерлік ізденістері үшін» номинациясын иеленіп, 500 000 теңге көлеміндегі сыйақыға марапатқа ие болып қайтқан болатын.
Су жаңа туындының, соның ішінде Әбіш Кекілбаевтай заңғар қаламгердің қолтаңбасының театр репертуарына енуінің өзі үлкен жетістік екендігін айта кеткеніміз абзал. Әбіш Кекілбаевтің шығармашылығы кез келген режиссердің оң жамбасынан келетін дүние емес. Оның философиялық иірімдерінің түп тамырын дөп басып, автордың айтпақ болған негізгі идеясын алдыңғы шепке шығара білетін ойы жүйрік суреткер ғана тізгінін ұстай алатындығы ақиқат. Соның бірі де бірегейі – қазақ театрының бас режиссері Баатырбек Шамбетов. Ол театр құрылғанынан бергі уақытта актерлік қызметтен режиссерлікке түбегейлі бет бұрып, сахна төрінде талай спектакльге жан бітірді. Кез келген қойылымын алып қарасаңыз да, біріне бірі ұқсамайды. Соның ішінде «Махаббат мұнарасы» қойылымының өзі бір төбе.
Режиссерің спектаклді сахналау жолындағы бірталай ізденісі көңіл қуантты. Бір айта кететіні, бас режиссер спектаклді сахналап қана қоймай, дайын пьеса емес шығарманың сахналық нұсқасын (инсценировка) дайындаған. Жарты әлемді қанға бөктірген Ақсақ Темірдің Кіші Ханшасының махаббат мұнарасын тұрғызу мазмұнында өріс алатын шығармада адамзаттың фәни өмірде кездесетін небір мінез бояулары көрініс табады. Соның ішінде пенденің қызғаныш, ғашықтық, құмарлық, өкініш, ынтызарлық сезімдері кейіпкерлер болмысына ойысып, сахнада 4 актерден құралған тамаша ұжымдық ансамбль қызу шығармашылық туындыны дүниеге әкеле білді дер едік. Бұл ең алдымен, режиссердің біліктілігінде. Оның труппамен жұмыс жасау барысында, кейіпкер болмысын ашудағы актерлердің амплуасын, шығармашылық деңгейлерін анық білуі аңғарылады. Осы орайда, кейіпкерлеріне жан бітіру бақытына ие болған театрдың 4 актерінің еңбегі жемісті болды.
Олардың ішіндетеатр қабырғасында жас та болса бірнеше қомақты бас қаһармандар бейнесін нұсқалап жүрген актер Нұрбол Асқаровтың еншісіне әйгілі Ақсақ Темірдің кескінін кейіптеу бұйырыпты. Актер ізденіс ауылынан ауытқыған жоқ. Мейлінше, қолбасшы көсемнің мінезін айшықтау жолында бірталай тердің төгілгендігі қалың көпшілікке мәлім болып отыр. Ақсақ Темірге тән жүріс-тұрыс, қатулы қас-қабағының айтар сөзімен үйлесім тауып қимылдауы, дауысындағы зіл, ыза, реніш-өкініші аса иланымды шыққан. Жалпы, актердің рөл игерудегі айтулы еңбегі елеулі. Театр труппасындағы тағы бір жас та болса талабы бар актер Думан Адыкенов мұнара салушы шебердің бейнесін ойнайды. Бұл бейне –Думанның актерлік еңбек жолындағы күрделі рөлдерінің бірі де бірегейі деуге саяды. Үздіксіз дайындық пен рөлді тиісті деңгейде шығару жолындағы ынта-ықыласы, актердің зейін-дүниетанымы көңіл қуантады. Тәжірибе мен батылдықтың арқасында, ерік-жігердің нәтижесінде болашақтан үлкен үміт күттіретін өнерпаз екендігін айта кеткеніміз жөн. Думанның рөлге деген риясыз махаббаты мен оны сахналау жолындағы ықыласы көңілге медеу бола білді дер едік. Кіші Ханшаның рөлін ойнаған тетардың тартымды актрисасы Зарина Уәлиева өзінің кескін-кейпімен, жас әрі сұлу Ханшаға тән сүйкімді қылығымен көрерменін бірден баурап алу мүмкіндігіне ие болды.
Десе де, актрисаға рөл игеруде бірталай кедергілерді жеңуге тура келеді. Соның бастысы –сахна тілі. Өйткені, театр актерінің тілі неғұрлым таза әрі анық болса ғана, ол соғұрлым өнерсүйер көрерменнің есінде ұзақ тұрақтамақ. Осы орайда, жас өнерпаз Зарина Уәлиевадан үлкен үміттер күтеміз. Күтуші әйелдің бейнесін жасаған Аида Сұпатаеваның актерлік шеберлігі үздік деңгейде көрініс тапты. Оның әрбір ым-ишарасы, дауыс мәнері, жүріс-тұрысы көрерменін сендірді, елітті-егілтті. Қысқасы актриса Аида өз кейіпкеріне сахнада өмір сыйлады. Әлбетте, жоғары деңгейде жарық көрген бұл рөлі халық есінде ұзақ сақталары айтпаса да түсінікті шығар. Театр суратшісі Садыр Ниязакуновтың еңбегін елеусіз қалдыруымызға да әсте болмас. Оның қойылым жасауда қосқан үлесі айтуға тұрарлық. Тор іспетті жасалған жатын бөлме, жан-жақта шашылып жатқан алма, жоғары қарай тартылған баспалдақ – бұның барлығы спектакль бояуы мен оның негізгі идеясын аша түсті. Суретшінің сахналық безендіруі үшін қойған әр реквизиттің айтпақ ойы бар. Мысал ретінде солардың бір-екеуін келтіре кетуіміз артық болмас. Айталық, баспалдақты не үшін іліп қойды?
Әлбетте, бұл пенденің Құдайға қарайбарар жолы. Адамзаттың пайым-парасаты неғұрлым жоғары болса, ол соғұрлым Құдайға жақындай түспек. Бірақ парасаттық ең ұлысы тек Құдайға ғана тән. Торға ұқсас жатын бөлме өз сезіміне құрсауланған, өз ойына қамалған кейіпкерлердің күйін білдіреді. Аталған төрт кейіпкерлдің төртеуі де сезімнің алдында бейшара. Әлемді сұлулық қана құтқарып қалмақ. Қойылымды көрген сайын философиялық жаңалықтың жаңасы ашыла түседі.
Балжан Бекмағамбетова,
Театртанушы
Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театры өзінің ХІХ маусымын Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанының желісімен сахналанған Б.Шамбетов пен А.Зағыпардың «Дауылпаз баба- Қожаберген» қойылымымен ашты. Режиссері – Баатырбек Шамбетов. Өнердің қара шаңырағына айналған театр биыл -18 жаста. Жалындаған жігерге толы жігіттік шаққа қадам басқан өнер ошағы биыл талантты жастармен де толығып отыр. Астана қаласындағы қазақ ұлттық өнер университетінің төрт түлегі қызмет жолын біздің театрдан бастап та кетті. Өткен маусым тың жетістіктер мен толағай табыстарға толы болды. Айталық, Ә.Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романының желісімен сахналанған «Махаббат мұнарасы», Ш.Мұртазаның «Әзииза» реквиемі, кішкентай көрермендер үшін халық ертегісі «Ер төстік» сынды бірқатар қойылымдарды театрдың бас режиссері Баабырбек Шамбетов сахнаға шығарса, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы», Р.Отарбаевтың «Нашақор туралы новелла» шығармасының желісімен «Қасірет» психологиялық драмасын өнер ошағының жас режиссері Фархат Молдағалиев сахналады.
1-6 қыркүйек Астана қаласында өткен Қ.Сүгірбеков атындағы жас режиссерлерінің форум-фестивалінде Ф.Молдағалиев Р.Отарбаевтың «Нашақор туралы новелла» шығармасының желісінде жазылған «Қасірет» драмасы үшін «Р.Есдәулетов» атындағы арнайы жүлдеге ие болды. Астана қаласына гастрольдік сапармен барып, Халықаралық "ЭКСПО-2017" көрмесі аясында, әлемдік классик Н.Гогольдің "Ревизор" комедиясын (реж. Б.Абдураззаков) үздік сахналап, көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. Сондай-ақ, Ә. Мәмбетовтың 85 жылдығына арналған "САХНАДАН СӘЛЕМ" V Халықаралық театр фестиваліне С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театры Рақымжан Отарбаевтың «Нашақор туралы новелла» шығармасының желісімен сахналанған «Қасірет» психологиялық драмасымен қатысты. Биыл театрымыздың режиссері Фархат Молдағалиев Ресей Театр Қайраткерлерінің ұйымдастыруымен өткізіліп отырған Ресей Федерациясының Мәскеу қаласындағы жас режиссерлер зертханасында білімін шыңдады. Аталмыш іс-шара А.Чехов фестивалінің аясында өткізілген болатын. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген режиссерлер бір-бірімен тәжірибе алмасып, шығармашылық мүмкіндіктерін шыңдайтын айтулы шара болды.
Сондай-ақ, театрымыздың актері Асылхан Разиев Мәскеу қаласындағы жазғы актерлік біліктілікті арттыру мектебінде шеберлігін шыңдап қайтты. Жыл сайын дәстүрге айналған аталмыш іс-шарада әр елден келген актерлер шығармашылық тәжірибеден өтіп, актерлік өнердің қыр-сырын меңгеруде өз қарым-қабілеттерін шыңдап қайтты.
Театрдың алдағы жоспарларында әлемдік драматургтердің пьесаларын сахналау белесі тұр. Оның алғашқысы Т.Минуллиннің «Гәргәрбектің гөйгөйі», екінші қойылым Итальяндық белгілі драматург Карло Гольдонидің «Венециялық егіздер» комедиясы, үшіншісі Мұхтар Әуезовтың әйгілі «Қарагөзі», және Н.Островскийдің «Пайдалы орын» пьесасы сахнаға жол тартпақ. Сондай-ақ, балаларға арналған ертегілер де жоспарда бар.
Жаңа маусым жаңа табыстарға толы болғай!
Балжан БЕКМАҒАМБЕТОВА,
театртанушы
Театрымыздың актерлары Нұрбол Асқаров пен Мұхамедәлі Испановқа, дыбыс цехының меңгерушісі Сержан Емелевке, суретші Ерболат Сүлейменовке және билет сатушы Анар Бақтыбаеваға 27-наурыз – Халықаралық театр күніне орай Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт Министрлігінің Алғыс хаты берілді. Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы қызметкерлерімізге ел мәдениетінің қарқынды дамуына қосқан үлестері мен театр саласындағы жемісті еңбектері үшін алғыс білдірді. Жоғары деңгейлі марапат тұтас театр ұжымының мақтанышы. Құрметті, әріптестер, марапаттарыңыз құтты болсын.
Қазан айының 6 –жұлдызында Қызылжар қаласындағы облыстық Сәбит Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театры өзінің ХVIІ маусымын Қазақ Хандығының 550 жылдық мерейтойына орай, Қожаберген Толыбайұлының «Елім-ай» дастанының негізінде жазылған «Дауылпаз баба- Қожаберген» қойылымынен ашты. Дастанның инсценировкасын жасаған аталмыш спектакльдің қоюшы режиссері әрі сол театрдың бас режиссері Б.Шамбетов пен Аманжол Зағыпар.
Жарық сөніп, сахна шымылдығы түрілді. Қалың көпшілікпен бірге тарих толқынымен жүзе отырып, ХVII ғасырға аттанып кеттік. Дастанның желісі Қожаберген Толыбайұлының өмірі мен оның ордабасылық қызметі, батырлығын қамти отыра, қалмақтармен шайқасқан бабаларымыздың туған жерін қорғау жолындағы қайтпас қайсарлығын сипаттайды.
Ескі петроглифтермен салынған ат үстіндегі найза ұстаған жауынгерлер (Аманжолов, Ниязов сынды тарих зерттеушілердің пікіріне сүйене отыра) керейлердің көз таңбасы бейнеленген жалау сахнада дұрыс келтірілген деуге негіз бар. Тарихи деректерде «Керейлердің ұраны «Ошыбай!». Керейлер де орта жүздің ең ірі тайпаларының бірі. Олар туралы мәліметтер ХІІІ ғасырдағы монгол деректерінде, Рашил-ад Диннің шежіресінде және басқа де деректемелерде кездеседі» деп келтірілген. Спектакль бойы мизансцена мүлдем ауыспайды. Аталмыш спектакльдің декорациясын әлі де толықтыра түскен жөн. Сахна декорациясын ауыстыру арқылы қойылымның көпқырлылығын жасау мүмкіндігі бар. Соны жүзеге асырар болса, қойылымның көркемділігі екі еселене түсетіндігіне күмән жоқ десе де болады
Қойылымның ұтқан тұсы ─ қоюшы-режиссер Баатырбек Шамбетовтың сахналық реквизитпен образды түрде жақсы жұмыс жасай білуінде. Айталық, қалмақтар басып кіріп, Қожабергеннің қойнынан шүберекке түйілген топырақты тартып алып, бір-біріне лақтыра бастайды. Елдің шырқын бұзып, астаң-кестеңін шығарып, айрандай ұйып отырған ұлттың берекесін қашырған көрініс осы топырақпен-ақ мінсіз бейнеленгендей еді. Қожаберген батырдың екпін-екпін «Қайтар жерімді!» - деген ышқына, ызағы булыға айтқан сөздері шашылған топыраққа үндесіп қойылым реңін ашты. Сондай-ақ, орыс патшасының эпизодтық рөлін кескіндеген Айбол Қасымның кейіпкері өте сәтті шықты деп айтуға толықтай негіз бар. Алдына келген қалмақ (Асылхан Разиев) «Керейден қуып шығып, Омбы өзенін тартып алдық, Ертіске орнап халхи жатып алдық. Көк шалғын қазақ жерін қанға бояп, Сахарада ылаң салдық.!»- деген сөзіне үнсіз, ым-ишарамен темекі түтінін маңғаз будақтата шығарып тұрған орыс патшасының арам пиғылын түсіну қиынға соқпайды. Актерлік шеберлікті толықтай көрсете білу үлкен не кіші рөлге байланысты емес. Дәл осындай эпизодтық рөлдің өзі сахнадағы бас қаһарманды ойнап жүрген актерге бергісіз болуы да бек мүмкін. Қысқасы, Айбол Қасым жасаған кейіпкер- орыс патшасының дәл өзі екендігіне көзі қарақты көрермен имандай сенді. Ал басты рөлді кескіндеген актер Нұрбол Асқаровқа жүктелген міндет өте ауыр. Осы кезекте «Сенің жаттап алғаныңды білмей қалатындай етіп ойна!» деген орыс актерлік мектебінің негізін қалаған Михаил Семенович Щепкиннің сөзі ойға оралады. Ол спектакль бойы ордабасы Қожаберген, батыр Қожаберген, ақын Қожабергенге де «жан бітіруі» тиіс еді.
Актерге біршама еңбектену қажет-ақ.
Баршамызға белгігі Қожаберген баба қойылымның аты айтып тұрғандай тегін адам болмаған. Ол алдымен өзінің күрескерлігімен, қол бастаушы қабілетімен, ақынға тән төкпе мінезімен батырлығымен тарих беттерінде есте қалды. Мысалы, зерттеуші Шаймұрат Смағұлов өзінің «Атақты «Елім-айдың» авторы» деген мақаласында: «Қожаберген өз тұсында суырыпсалма ақын-әнші, күйші, әскербасы болумен қатар, белгілі емші, сынықшы, от ауызды орақ тілді шешен, қолөнерші, құралайды көзге атқан мерген, түйе балуан, аңшы, құсбегі, атбегі, құмалақшы, шабандоз, сынықшы, ауа райын болжаушы (сәуегей), ірі қобызшы, жетігенші адам болыпты», — деп көрсетеді. Сондықтан Қожабергенді сахнаға шығару жолында біраз ізденіс таныту абзал. Және бұл «Елім-ай» дастанын сахнаға лайықтап инсценировкасын жасаған Аманжол Зағыпарға да айтылар құлаққағыс деп есептеймін. Өйткені, жырау баба осы жойқын апатты басынан өткеріп, көзімен көрді. Қиын қыстау кезеңде басынан өткен қайғы-қасірет, шер-мұңды күйші, әнші әрі ақын бабамыз «Елім-ай» жыры арқылы сыртқа шығарады. Осы орайда біз домбыра үнін естігіміз келді. Қожабергеннің шер-мұңын сезінгіміз келді.
Көрерменді бей-жай қалдырмаған көріністердің бірі - қойылымның соңғы нүктесі. Ол Қожабергеннің
Жырыма құлағың сал, азаматым,
Ұнаса менің айтқан насихатым.
Кеудеңде шыбын жаның болса егер,
Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын!
Міне, осы шумақ Қожаберген жыраудың болмысын ашудағы соңғы нүкте болып есептеледі. Бұл жай сөз емес, ұранды сөз. Жоғары екпінмен айтылатын шумақтар.
Қара домалақ шарларға ақ матаны байлаған бір топ қазақ «Елім-айды» қосыла шырқап отыр... Көрермен бұл шарлардың айтпақ мағынасын іздеп тым-тырыс, тына қалыпты... Иә, талай ғасырлар бойы мың өліп, мың тірілген қайран қазағым байтақ жерін қызғыштай қорғап жеткізді-ау біздерге! Көзіңнен еркісіз жас саулап барады. Бабалар рухына бас иесің. Мұқағали айтпақшы: «Бабаларым, рахмет сендерге!»
Балжан Бекмағамбетова,
С.Мұқанов атындағы
қазақ-сазды драма театрының
әдебиет бөлімінің меңгерушісі
2016ж. Республикалық «Парасат» журналында жарық көрген
Елордамыз Астанада халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне және КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің 85 жылдығына арналған театрлар фестивалі өтті.«Сахнадан сәлем!» аты халықаралық шараға Өзбекстан, Қырғызстан мен еліміздің бірнеше өңірінен келген оннан астам өнер ұжымдары қатысты.
Солардың бірі Солтүстік Қазақстан облыстық Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры. Біздің ұжым фестиваль қатысушылары мен қазылар алқасының назарына Рақымжан Отарбаевтың «Нашақор новелласы» атты пьесасының желісімен қойылған «Қасірет» спектаклін ұсынды. Қойылым режиссері – театрымыздың жас маманы Фархад Молдағали. Аталмыш туынды арқылы ол 21 ғасырдың түйткілді мәселесіне айналған – нашақор тақырыбын қозғады. Бір жанұяның мәселесін баяндайтын психологиялық драма қазіргі қоғамның проблемасын сахналайды. Ұжымның негізгі мақсаты: спектакль арқылы өзекті проблеманы көтеру, жастардың теріс жолға бет бұрмауларына сеп болу.
Фестиваль барысында мұқановтықтар қазылар алқасының да, көрерменнің де ыстық ықыласына бөледі. Белді сыншылардың сыни көзқарастарын, мақтау сөздері мен ескертулерін естіді. Халықаралық деңгейдегі шараға абыроймен қатысып, облыс намысын қорғаған театр ұжымы дипломмен марапатталды.
27-наурыз дүниежүзіндегі барлық театрлар кәсіби мерекелерін атап өтті. Халықаралық театр күнін облыстық Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының да ұжымы тойлады. Бұл күні көрермендер үшін «Театрға тағзым» атты мерекелік концерт қойылды. Сондай-ақ, дәстүр бойынша ең үздік актерлар мен театр қызметкерлері арнайы марапаттарға ие болды.
Концерт барысында актерлар ән-жырдан шашу шашты. Мың бұралған бишілер, поэзия, әзіл-шыны аралас шағын көріністер – кештің сәнін келтірді.
Театр сахнасына бір рет келген адам, одан бас тарта алмайды. Бұған Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының жастары да аға буын өкілдері де көз жеткізген. Олар театрды ешнәрсеге айырбастамаймыз,-дейді. Кәсіби мерекелерімен бір-бірін құттықтай келе, қара шаңыраққа деген махаббаттарын, өнер сүйер қауымға деген ықыластарын да жеткізді.
Мерекелік концерттен кейін кештің ең қызықты сәті – марапаттау рәсімі басталды. Театр дамуына үлес қосып жүрген бірнеше қызметкер «Алғыс хатқа» ие болды. Театрға көрермен тартуда белсенділік танытқан мекеме ұжымдарына да алғыс жарияланды. Атап айтсақ: М.Қозыбаев атындағы СҚМУ, ҚР ҰҰ әскери институты, ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімі, қазақ мектеп гимназиясы, Әбу-Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатына «Алғыс хат» берілді. Бұл күні қара шаңырақ ұжымы да, көрермен де қобалжи күтетін сәт – «Алтын сақа» номинациясын табыстау. Биыл олардың есімдері ұжымның дауыс беруі арқылы анықталған. Нәтижесінде, жарық беру цехының меңгерушісі Балғабай Ниязов «Үздік театр қызметкері», Рашида Ыбраева «Театр жанашыры» деп танылса, актер Айбол Қасым «Үміт» номинациясын жеңіп алды. «Театрға қосқан үлесі үшін» Алтын сақамен режиссер Фархад Молдағали марапатталды. Ал, актриса Айнұр Бекманова «Үздік эпизодтық рөл» номинациясын қанжығалады. Ең үздік ер бейнесі мен ең үздік әйел бейнесін анықтау ұжым үшін оңайға соққан жоқ. Себебі, сынға алдыңғы саптағы актерлар түскен. Дегенмен, дауыс берілді, саналды. Сонымен, бұл жолы «Ең үздік ер бейнесі» номинациясына актер Нұржан Асылхан лайық деп танылса, Мәдениет қайраткері Аида Супатаева – «Ең үздік әйел бейнесін» ұтып алды.
Театр қызметкерлері бұл жетістіктерімен шектелмек емес. олардың алар осулары, бағындырар белестері көп. Театр басшылығы қызметкерлердің еңбек етулеріне жан-жақты жағдай жасауда. Ұжымның ортақ мақсаты: өнердің дамуына, театрдың гүлденуіне үлес қосып, аянбай еңбек ету.
Сахна өнері – киелі ұғым. Киелігі – шынайылықта. Шынайылығы – актердің сахнада «өмір сүре білуінде» жатыр. Театр сахнасындағы актер үшін рөл үлкенді-кішілі боп көрінбеген күні ғана оның жұлдызы жоғары жарқырамақ. Мерейі тасып, еңбегінің жемісі ақталмақ. Театр актері үшін әр рөл – бір тағдыр. Әр кейіпкер – бір әлем. Әлемді әдемі күйінде, тағдырды тағылымды етіп жеткізе білу –парыз, әрі киелі театр өнерін бағалайтын қара ормандай халық алдындағы үлкен жауапкершілік деуге болады.
Өз өмірін өнерге теліген талант таңдауына адал бола білгенімен бағалы. Маңдай терін аямауымен құрметке лайық бола алатындығы да бек ақиқат, бұлтартпас шындық. Әлбетте, бұл - өнердегі тұрақты заңдылық. Сол заңдылықтың ақ жібінен аттамаған ақмаңдай актриса өз өнерін халқына сыйлауды мақсат деп біліп, бүгіндері облыстық театрдың шырайын енгізе алған. Ол белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Есмұқан Обаевтың шәкірті, Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актрисасы – Самал Тәшімова.
Тұла-бойында өнерге деген шынайы іңкәрліктің самалы есіп тұратын өнерпаз әрі сахна өнеріне ғұмырын арнаған актрисаның өнерге келу жолы да сонау бала күнгі аппақ армандардың тұнық аспанынан бастау алады. Ол 1983 жылы 1 қыркүйекте Павлодар облысы, Екібастұз ауданы, Ақкөл ауылында дүниеге келген. 2004 жылы Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының музыкалық драма және кино актері мамандығы бойынша курсына (ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі режиссер Есмұқан Обаевтың шеберханасына) түседі.
Өнер қайраткері оны қазақтың маңдайына біткен аяулы актрисасы Сәбира Майқановаға ұқсатып, жас жеткіншекке үлкен баға берген екен. Осылайша, өнер жолын бастап кеткен актриса С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына жолдамамен келіп қызметке орналасады. Өнер әлеміне енді қанат қаққан жас талант осы жылдар ішінде Қ.Қорғанұлының «Қанмен жазылған хатында»- Медбике, М.Хасеновтың «Пай-пай, жас жұбайлар-айында»- Лиза, Ә.Оразбеков «Бір түп алма ағашында» - Көрші, М.Задорнов «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясында - Елена Владимировна, К.Гольдони «Екі қожаға бір қызметшісінде»- Смеральдина, С.Балғабаев «Ең әдемі келіншегінде»-Зухра, Т.Уйлямс «Шыны хайуанатында»- Аманда,Т.Ахтанов «Күшік күйеуінде»- Гүлжамал, Д.Исабеков «Аладдиннің сиқырлы шамында»-Зухра, Ж.Әміреев «Бірлік түбі-берекесінде» - Түлкі, Д.Исабеков «Тыныштық күзетшісінде»- Кемпір, С.Жүнісов «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясында - Хадиша, бухгалтер, Д.Исабековтың «Балуан Шолағында» –Елизаветта, О.Әубәкіров «Қожа мен спортында» -Анасы, А.Володиннің «Қос жебесінде»-әйел, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібегіндегі»-Қыз Жібек сынды бірқатар рөлдерде ойнаған.
Актер шығармашылығын көп теоретиктер екіге бөліп қарастырады. Мәселен, К.С.Станиславский «кейіпкержандылық» пен кейіпкерсынылық» десе, Д.Дидро «сезімталдылық» пен «суыққандылық» деп бөледі. Осы тұрғыдан келгенде актриса Самал Тәшімованы сезімтал актер деуге саяды. Оған дәлел ретінде, өзіміз көріп, ойынына куә болған бірнеше спектакльдердегі ойын шеберлігін таразылап көрелік. Самал Тәшімова театр режиссері, ҚР мәдениет қайраткері Баатырбек Шамбетов қойған Г.Хугаевтың «Қара шекпен» притчасында – Сылаң рөлімен театрсүйер қауымға етене таныс.
Бұл - аллегориялық сипаттағы жеңіл әрі ойнақы бейне. Спектакльді көркем етуде аталмыш кейіпкердің алатын орны үлкен. Сылаңның жарқын шыққан жалған күлкісі рөл ерекшелігін бірден айғақтап, кейіпкер мінезін дөп басты. Тәшімованың таланты бұл қойылымға қанық бояу сыйлап, актерлік ансамбльді жандандыра түсті десек артық айтқандық болмас. Осы рөліне үндесетін, үйлесетін Ж.Ерғалиевтің «Жетім тағдыр» драмасындағы - Райбектің әйелін де келтіруге болады. Бұл бейнеде де Сылаңға тән мінез мол. Әлсізге әлімжеттік, мықтыға мадақ айтқыш Сылаң сынды сипат басым. Пьесаға бүгінгі күннің әлеуметтік қайшылықтары мен екі жастың шынайы махаббаты және бақытқа жетер жолдағы күресі арқау болғандығы белгілі. Ал бұл драмадағы оның күйеуі Райбек кім?
Салтанаты жарасқан ортаның белді өкілі. Қу дүниенің қызығына шомыламын деп жүріп, адами құндылықтардан едәуір алыстап кеткен кейіпкер. Құда болмақ ниетпен келген Райбек райынан қайтпақ емес. Әйелінің сиқы да – сол. Тағы да күлкі. Дарақы күлкі. Кекесінге толы күлкі. Эпизодтық рөл болғанымен, спектакльдің қабырғасын қалауда аталмыш кейіпкердің қатысуы маңызға ие. Самал Тәшімова «Сылаңды» да, «Райбектің әйелі- Тамараны» да саханға алып шыққан беттен актерлік болмысына тән ашық дауыс, қайсыбір тұста импровизация еркіндігімен көсіле ойнайды. Актрисаның осы бейнелерін бағамдап отырып, Режиссер М.Байсеркеновтың: «Сахналық еркіндік – актердің сахна алаңындағы қалыпты көңіл күйінің қайнаған тас қайнары десек, сол көзден бұрқылдап аққан қос бұлақтай болып, ішкі және сыртқы еркіндік заңдылықтары арнаға ағызады» деген тұжырымдамасы еске түседі. Расында, Тәшімова аталған екі кейіпкерді кескіндей жүріп өзін сахнада еркін ұстайды. Бастысы, көрерменін қойылымдағы өміріне иландырады.
Актердің жетістігі де- осымен өлшенбек. Ол әр қилы диапазоны кең суреткер. А.Айларовтың «Келісімшарт бойынша қалыңдық» комедиясындағы Дзерассаның орны бір төбе. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Әлімбек Оразбеков сахналаған аталмыш комедиядағы Дзерасса актриса Самалды өзгеше қырдан көрсетті. Сахнадағы рөлдеріне қарап қайсыбір көрермен қауымға оның болмысы батыл, өжет болып көрінуі мүмкін. Шындығында, Тәшімованың табиғаты өте жұмсақ. Бұл оның Дзерасса байнесінде айқын көріс тапты десек, қателеспейміз. Қойылым барысындағы оның жүріс-тұрысы, қас-қабағы, дауыс мәнері ішкі жан-дүниесімен үйлесіп шынайы көркем бейнеде жарқырады. Бір айта кететіні, премьера аяқталған тұста актриса Самал өз рөліне жан-дүниесімен кіріп кеткені соншалық, біраз уақытқа дейін ішкі толқынысы басылмады. Көрермен тарапынан соғылып жатқан сансыз қошеметтеріне әбден лайық актрисаның кезекті рөлі ғұмырлы боларына шүбәміз жоқ. Ал Н.Гогольдің әйгілі «Ревизор» комедиясындағы – Анна Андреевнаның бейнесі халық жүрегінен орын алып үлгерген қомақты рөлдердің қатарында. Ревизор – классика екенін ескерсек, оны Тәжікстанның белгілі режиссері Б.Абдураззаков абыроймен сахналап, театрға бірталай табыс сыйлады. Ол Халықаралық фестивальден гран –при иеленіп, сахнаның құтты қойылымына айналды. Самал Анна Андреевнаның негізгі мінезін иеруде тағы жаңылысқан жоқ.
Ревизор спектакліндегі Анна Андреевна – Дуанбасының жастық желігі басыла қоймаған ерке әйелі. Оған қоса, баршылықтың, молшылықтың үстінде өмір сүріп жатқан жан. Бір жағынан байларға тән мәдениеті бар деп бағамдасақ, екінші жағынан оның даңқұмарлығы кей тұстарда еріксіз қылаң беріп қалады. Әсіресе, ерінің үстінен әмір жүргізуді жаны сүйетін қылығы көзге ұрады. Оның үстіне, актриса Самал Анна Андреевнаны шектен тыс шыдамсыз етіп бейнелейді. Оған мейлінше шыдамсыз мінез берген сайын, рөл соншалық езуге күлкі үйіре білді.
Бұл-Тәшімованың сахнада көрсеткен кезекті шеберлігінің бірі деуге саяды. Актрисаның әншілік өнерін айтпай кету біздің тарапымыздан өрескел ағаттық болар еді. Талай концерттің шырайын енгізіп, құйқылжыта салған әсем әндерін халық зор қошеметпен, ыстық ілтипатпен қабылдап жүрген жайы бар. Самал Тәшімованың репертуар таңдаудағы талғампаздығына да сүйсінуге болады.
Жеңіл әуендердің мәнсіз мәтініне құмартпай, халық әндерін орындағанды құп көреді. Жаймашуақ мінезі қоршаған ортасына сәуле шашып, әріптестерінің алдында сыйлы болса, көрерменінің бүгін көзайымына айналып отыр. Актерлік – сан қырлы өнер екендігі хақ. Осы бір әпбебап мамандықтың қыр-сырын меңгеру жолында актрисаның маңдай тері аз төгілмеді. Жасыды, жігерленді, ізденіс жолында сан рет қия басты, қайта жарқырады. Әлі де ізденіс ауылын жағалайды. Жаңалыққа құмартады. Өйткені, ол үшін өнер ізденуден тұратындығымен бағалы. Ендеше, өнеріңіз ғұмырлы болғай!
Балжан БЕКМАҒАМБЕТОВА,
С.Мұқанов атындағы қазақ
сазды-драма театрының
әдебиет бөлімінің меңгерушісі
«Қазақстан әйелдері», «Театр кз», «Қызылжар нұры» газет – журналдарынада жарық көрген
Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды – драма театры 18-ші театр маусымын жапты. Сондай-ақ, 31-мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай көрермендерге жаңа спектакль ұсынды. Шерхан Мұртазаның шығармасының желісімен қойылған «Әзиза» реквиемі жазықсыз жала жабылып, жиырмасыншы ғасырдың басында қуғынға ұшырағандардың әйелдері туралы.
Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылы Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Жазықсыз жала жабылғандардың бірі Тұрар Рысқұлов болатын. Оның істемеген ісін мойындатуды көздеген әскерилер ұлы Ескендірді де аямаған. Арыстың жалғыз ұлы да қамауға алынып, артынан қызыл жендеттердің қолынан қаза табады.
Зұлмат жылдары Тұрар Рысқұлов сынды 103 мыңнан астам қазақстандық қуғынға ұшыраса, оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілген. Жазықсыз жазаға ұшыраған қайраткерлер ұлт мүддесі үшін күрессе, олардың әйелдері отбасы мүддесін сақтап, күйеулерінің ақ адал атына кір келтірмеуді мақсат еткен. Әзиза Рысқұлова, Күләнда Қожанова, Күнжамал Майлина сынды қайратты әйелдердің есімі тарих беттерінде алтын әріптермен жазылуы тиіс.
Неге қуғынға ұшыраған қайраткерлердің өздері туралы емес, олардың әйелдері, отбасы туралы спектакль қоюды жөн санадыңыздар деген сұраққа театрдың бас режиссері Баатырбек Шамбетов былай деп жауап берлді: «Олардың зардабын көрген артында қалған жұбайлары, бала-шағасы. Көп зардап тартқан солар. Өмірлерінің соңғы күндеріне дейін маңдайындағы «халық жауы» деген дақ кетпей қойды. Күләндам Қожанова өз естелігінде «өмірімнің не болып кеткенін білмеймін. Тек балаларыммен қауыштым дегенім болмаса, қалған өмірімнің барлығы жәй кеткен секілді»,-дейді. Міне, осы кісілердің ішінде қалған қайғы-қасіретін бей-жай қарай алмадық».
Спектакльдегі басты кейіпкер Әзиза Рысқұлова. Тұрарға жабылған жазаның кесірінен өзі де, анасы да, кеше ғана туған нәрестесі де темір торға қамалған. Әзизаның бейнесі арқылы қуғын-сүргіннің зардабын шеккен барлық нәзік жандылардың тағдыры баяндалады. Оларды ешкім аяған жоқ. Арларының таза екендігін дәлелдеу жолында олар да аянып қалмады. Өмірлерінің соңына дейін күйеулерінің халық жауы еместігін дәлелдеумен болды. Себебі, түрмеден босатылса да, ел арасында тыныштық көрмеген. Маңдайларына күйедей жағылған «халық жауы» сөзінен арылу оңайға соқпады. Қойылымды өнертану кандидаты, театр сыншысы Сәния Қабиева тамашалады. «Бұл театрдың басшылығы, режиссері және труппа мүшелерінің барлығы қашан да алға ұмтылып тұрады. Көрсем, білсем, одан әрі дамысам деген жастар осы мәдени ошақта еңбек етеді. Ол туралы мен талай фестивальдарда айтып, мақалаларымда жазып жүрмін. Бүгінгі «Әзиза» спектаклі барлық көрерменнің көңілінен шықты деп сеніммен айта аламын. Жыламаған адам болмады. Тарихи оқиғаны осындай деңгейде жеткізе білген театр ұжымына алғыс білдіремін»,-дейді алматылық сыншы.
«Халық жауы» атағы тағылғандардың әрқайсысыұзақ жылдардан кейін ақталды.Бірақ, жесір қалған әйелдер мен жетім балалардың жарасы жазылмасы хақ. Мұқановтықтардың да көздегені осы – жазықсыз жала жабылғандар мен олардың отбасы мүшелерінің есімін ұмыттырмау. Тарихи оқиғаны өскелең ұрпақ арасында насихаттау.
Тыныққыңыз, тазарғыңыз келсе, ойға шомып, қиялға батқыңыз келсе, өнерді аңсайтыныңыз рас. Солардың ішінде театр – ең ұлы өнер деп білеміз. Неге десеңіз, оның ұлылығы – адамзаттың биік парасатын, рухани мәдениетін қалыптастыру жолында өз үлесін молынан қоса алатындығында! Оның ұлылығы – ұлттық болмыстың асыл қасиеттерін көрермен жүрегін нұрландырып, санасына сәуле етіп шаша алатындығында! Театр - өнер атты үлкен әлемнің киелі қара шаңырағы болып, ұлы бабаларымыз бен дүлділ даналарымыздың өсиетін бүгінгі ұрпаққа жеткізуші алтын көпір іспеттес. Қызылжар қаласында да дәл осындай киелі қара шаңырақ 2000 жылы бой көтерген болатын. Ол Сәбит Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театры. Өнер ордасы биыл өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өтті!
15 жыл театр тарихы үшін оңай уақыт болған жоқ. Қара шаңырақ алғаш құрылған жылы белгілі режиссер О.Сәрсенбек бастаған Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының бір топ түлектері Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі тұсауын кескен жас театрға қызметке орналасады. Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры өз шымылдығын С.Мұқановтың «Аққан жұлдыз» шығармасымен ашқан болатын.
Қара шаңырақтың ашылуы қазақтың ұлы жазушысы, жерлесіміз Сәбит Мұқановтың жүз жылдығына сай келгендіктен, театрға оның есімін беру туралы шешім қабылданды. Театр тұсауы енді кесілген жас сәби сынды аяққа нық тұрып, болашаққа бет алатын екпінін аталмыш академияның түлектері қалағанын атап өткеніміз абзал. Олар Б.Жалғасбаев, М.Ақжолов, Р.Құсайынова, М.Құсайынов, Б.Мамытбеков, Н.Сәрсебаев, А.Сәрсебаева, Т.Сыдықов, К.Әйтібаев, Ш.Әйтібаева, Б.Шамбетов, А.Супатаева Д.Тойбазаров, С.Тәшімова. Содан бері театр аз жылдар ішінде ауыз толтырып айтуға тұрарлық қойылымдарды сахналап үлгерді. Аталық, театр драматургы Т.Минуллиннің «Диляфруздың 4 күйеуі», Ш.Айтматовтың «Шыңғысханның ақ бұлты», С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясы, М.Байжиевтің «Қылмыстық оқиғасы», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш- Баян Сұлуы», К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметшісі», М.Хасеновтың «Пай-пай, жас жұбайлар-айы», С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншегі», Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісі» т.б. Театр алғашқы жылдардан-ақ қоғамдық жұмыстаға, шығармашылық сайыстарға қатысу жолында аса үлкен талпыныс таныта білгендігі тарих беттерінен белгілі. Бұл әуелі, өнерпаздардың ауызбіршілігі мен өз мамандығына деген ықыласына байланысты деп білеміз. Мысалы, театр ұжымы 2001 жылы Петропавл қаласында өткен IX-Республикалық театр фестивалінде М.Баджиевтің «Қылмысты оқиға» қойылымымен Гран-приді жеңіп алды. Актер Д.Садуов Республикамыздың 10-жылдық мерейтойына арналған медальмен марапатталды.
Ал 2002 жылы Петропавл қаласында өткен Ғ.Мүсіреповтің туындыларына арналған Х-шы Республикалық театр фестивалінде Б.Жалғасбаев пен Н.Мағауина «ең үздік Қозы» және «ең үздік Баян» номинациясын жеңіп алды. Аталмыш жылы актер Б.Жалғасбаев Президенттің Құрмет грамотасымен марапатталды және сол жылы актрисалар Н.Мағауина және А.Алтыбаева «Қазақстан Жастар сыйлығының лауреаты» атағын алды.2003 жылы Каирде өткен XV-Халықаралық театрлар фестивалінде Ғ.Мүсіреповтың «Қозы көрпеш –Баян сұлу» пьесаның желісі бойынша жасалған «Шың басында» атты экспериментті қойылымымен қатысып, үздік ондық қатарынан орын еншілеп, Құрмет грамотасымен марапатталды.2004 жылы XII-ші Республикалық театрлар фестиваліне М.Ғаппаровтың «Қуыршақ немесе қызғаншақ қыздардың кеші» қойылымымен қатысып Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек «Үздік режиссер» номинациясын еншіледі.2004 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысымен, Юнесконың қолдауымен Астана қаласында өткен VII-ші Халықаралық жастардың творчествалық «Шабыт» фестивалінде П.Мерименің «Кармен» қойылымымен қатысып, сахнагер Н.Мағауина «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясын жеңіп алып, фестиваль лауреаты атанды және «Театр тартуы» номинациясы бойынша театр III-ші орынға ие болды.2005 жылы Қызылорда қаласында өткен Қ.Жандарбеков пен Қ.Байсейітовтың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған XIII- Республикалық театрлар фестиваліне Д.Исабековтың «Тыныштық күзетшісі» қойылымымен қатысып, сахнагер Е.Шүкіров «Актерлық дебют» номинациясын иеленді.2006 жылы театр директоры Қ.Қасымов пен театрдың көркемдік жетекшісі Б.Жалғасбаев Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет белгісі «Мәдениет қайраткері» атағын алды.
2008 жылы Ақтау қаласында өткен Н.Жантуриннің 80-жылдық мерейтойына арналған XVI-шы Республикалық театрлар фестиваліне А.Володиннің «Қос жебе» қойылымымен қатысып 2-ші орынды еншіледі.2010 жылы ұлы жазушы С.Мұқановтың 110 жылдық , С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының 10 жылдық мерей тойын орай Қазақстан Республикасы Мәдениет министрірлігінің бекітуімен А Супатаева, Б. Шамбетов, М.Ақжолов, Н. Сәрсебаев, Б. Мамытбеков, Ш. Айтибаева, К.Ақжолова «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісімен марапатталды.2011 жылы Көкшетау қаласында өткен Театр оқу орындары мен театр жастарының 1-ші аймақтық эксперименталдық фестиваль лабороториясына Т.Жүженоғлының «Тығырық» қойылымымен қатысып үздік деп танылды.2012 жылы Қостанайда өткен І.Омаровтың 100 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне «Қыз Жібек» қойылымымен қатысып, актер Б.Жалғасбаев «Үздік ер бейнесі» номинациясы бойынша марапатталды.
Қойылымның режиссері танымал тұлға Ж.Хаджиев.2012 жылы Қарағанды қаласында болған «Ізденіс іздерімен..» атты эксперименталдық театрлар фестивалінде О.Богаевтың «Dаwn-Wаy» қойылымымен қатысып «Үздік актерлық ансамбль» номинациясы бойынша актерлер М.Құсайынов, Н.Сәрсебаев, М.Айтмұхамбетова фестиваль үздіктері атанды.2014 жылы Қызылорда қаласында болған Қазақ өнерінің хас анасы саналатын С.Майқанованың 100 жылдығына арналған Республикалық театр фестиваліне Софоклдың «Эдип патша» қойылымымен қатысып актер Б.Шамбетов «Үздік ер бейнесі» номинациясы бойынша үздік деп танылды.
2015 жыл театр тарихы үшін үлкен жетістіктермен, ірі қойылымдарды жүзеге асырумен есте қалды. Айта кетейік, дәл осы жыл Қазақ Хандығының 550 жылдығы мерейтойы қарсаңында режиссер Баатырбек Шамбетов сахнаға Қожаберген Толыбайұлының «Елім-ай» дастанының негізінде «Дауылпаз баба-Қожаберген» спектаклін шығарды. Дастанның инсценировкасын жасаған - А.Зағыпар. Сондай-ақ, С.Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театры өнер әлеміне енді қонған жас өрендерді қолдау тұрғысында ізденіп, еңбек етуден талмайтын талантты құшақ жая қарсы алып, тәжірибе бөлісуге келгенде тартынып қалмады. Айталық, Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «режиссура» бөлімінің түлегі, өнер бәйгесінде томағасы енді ғана сыпырылған жас талапкер Фархат Молдағалиев Мейіржан Әлібектің «Сиқырлы дүрбі» атты балалар ертегісін сахнаға шығарды. Бұл өңір бүлдіршіндеріне жасалған ең үлкен сый болғандығы рас.
Театр репертуарында әлемдік деңгейдегі классикалық шығармалардан бастап, балаларға арналған түрлі көркемдік мәні жоғары ертегілер баршылық. Солардың ішінде әйгілі орыс жазушысы Н.Гогольдің «Ревизоры» (Спектакльдің қоюшы-режиссері- Б.Абдуроззоков). Бішкек қаласында өткен V Халықаралық "Арт Ордо" фестиваліне қатысып, "Сыншылар көзайымы" номинациясымен марапатталды. Ал театр актеріБ.Шамбетов "Ең үздік Ер бейнесі" номинациясын иеленді.Баатырбек Шамбетов тек театр актері ғана емес,аталмыш театрдың бас режиссері де. Театр сахнасында талай қойылымдарды жарыққа шығаруға үлес қосқан еңбекқор өнерпаздың театрдың өсіп-өркендеу жолында жасаған еңбегі ұшан- теңіз. Театрдың 70℅ ын жас актерлер құрайды. Олар Қызылжар қаласындағы өнер колледжінің, Астана қаласындағы қазақ ұлттық өнер университетінің, Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері. Өз мамандықтарына деген сүйіспеншіліктері көңіл қуантады. Труппа актерлері сахнада ойнайтын өз кейіпкерін талғап-таразылауға келгенде аса ізденімпаз, өз бейнесінің мінез-құлқын, ішкі болмысын, көңіл –күйін кемеріне жете зерттемейінше сахнаға шығаруға жасқанып тұрады. Бұл- құптарлық дүние. «Театр киім ілгіштен басталады» деп К.Н.Станиславский айтқандай, актерлік труппаның ішкі мәдениеті, актерге тән пайым-парасаттары да үздік қалыптаса білген.
Өнер тұлғасына лайық талғамдары сезіледі. А.Разиев, Н.Асқаров, М.Серкебаева, Г.Асқарова, Қ.Аязова, Д.Адыкенов, Ж.Бегалина сынды талантты актерлердің алар асулары алда деп білеміз. 15 жылдық мерейтоймен арнайы құттықтауға келген облыс әкімі Е.Х.Сұлтанов театрдың жеткен жетістіктері мен репертуарындағы сүбелі спектакльдердің бағасын атап көрсете отыра, ұжымға сәт-сапар тілеп, 500000 теңге сый ақы мен ықылас гүлін ұсынды. Жиналған жұртшылық әсем ән мен актерлердің өнерлерін тамашалап, ізгі ықылас-қошеметтерін жаудырды. Театр репертуары болашақта жаңа спектакльдермен толыға түсетін болады. Ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген театр ұжымына шалқар шабыт тілемін!
Балжан БЕКМАҒАМБЕТОВА,
С.Мұқанов атындағы қазақ-сазды
драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі
«Мәдениет» журналында жарық көрген
Сұлулық бәрін де ойсырата жеңді. Махаббат мұнарасы көкке бой созды. Ғажайып кескінмен, сұлу сымбатымен адамдардың пендешілік, көрсоқыр мінезін, қалыбын күйретті. Махаббат мұнарасы ғасырлардан ғасырларға ұласып жатыр... Астарлы философия мен аңыздық рух астасқан көркемдік қуаты берік туындының жақында тұсауы кесілмек!!! Премьера қараша айының 25-ші және 29-шы жұлдызы сағат 19-00 де өтеді.
Авторы: Әбіш Кекілбаев, Қоюшы-режиссері: Баатырбек Шамбетов.
Анықтама үшін: 4111551, 412532, 410396