Театрда балаларға жаңажылдық ертеңгіліктер өтті

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында балаларға арналған жаңажылдық дәстүрлі ертеңгіліктер болды. Ертеңгіліктер желтоқсанның 20-30 аралығында өтті.
Мерекеде балаларға көтеріңкі көңіл–күй сыйлау мақсатында театр актерлері аңдардың бейнесін сомдап, ертегі әлемінен қойылым сахналады.
Ең алдымен кішкене балақайларға "Ханзада мен мысық" атты жаңажылдық ертегісі ұсынылып, қойылым барысында балалар кейіпкерлермен бірге ертегі әлеміне саяхат жасап, олармен сөйлесіп, қызықты диалог құрып, мәз-мейрам болып, кеш қызығына батты.
Бүгінгі заманның жаңа технологиялары - гироскутерді, роликті, самокатты қолдану ертегі-қойылымның бояуын қалыңдата түсті.
Кейін жаңажылдық жасыл шырша жағылып, кештің басты қонағы - Аяз ата мен Ақшақар да келіп жетті. Түрлі ойындар ойнатылып, байқаулар ұйымдастырылған бұл сиқырға толы кеште тәттілер мен сыйлықтар да болды.
Бірі-супермэн, бірі-өрмекші адам, енді бірі-ханшайым болып ертегілер еліндегі кейіпкерлерге ұқсап киінген бүлдіршіндер жаңажылдық кешке ерекше сән беріп, құлпыртып жіберді.
Би билеп, ән шырқаған балалар уақыттың қалайша тез зымырап өткенін де сезбей қалғандай.