Халықаралық фестивальден олжалы оралған театр

Үстіміздегі жылдың 30-қазан мен 6-қараша аралығында Талдықорған қаласында өткен Астананың 20 жылдығы мен көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған VII Орталық Азия елдерінің халықаралық фестиваліне C.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры «Қарагөз» soundrama жанрындағы қойылымымен қатысты.
Аталмыш театр фестивалі Талдықорғанда жаңадан салынған 510 орындық театрдың ашылуымен тұспа-тұс келуі театр өнерін бағалайтындар мен сүйетіндер үшін, тіпті, керемет жаңалық болды. Театрдың салтанатты ашылуына театр директоры Біржан Жалғасбаев қатысып қайтты. Фестивальде бақ сынауға келген Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Башқұртстан, Өзбекстан, Түркия елдерінің бас театрлары таңғажайып жаңа театрдың сахнасында өнер көрсетті.
Фестиваль көрермендеріне 5-қараша күні теарымыз режиссер Фархад Молдағалидің жетекшілігімен сахналанған қазақ классикасының алтын қорына айналған М.Әуезовтың "Қарагөзін" заманауи soundrama жанрында ұсынды. Осылайша, фестивальдің қорытындысы бойынша, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының "Қарагөз" спектаклі "Классиканың үздік заманауи интерпретациясы" номинациясымен марапатталып, Алматы облысы әкімінің арнайы сыйлығы – 1 млн теңгелік сертификаттың иегері атанды. Сонымен қатар, театрымыздың қос аруы Аида Супатева Мөржан рөлі үшін «Ең үздік екінші пландағы әйел бейнесі» номинациясымен және 250 мың теңгелік сертификатпен, Мадина Өсербаева Қарагөз рөлі үшін «Үміт» номинациясымен және 100 мың теңгелік сертификатпен марапатталды.