Гәргәрбектің «гөйгөйі»

Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының ХІХ маусымының алғашқы премьерасы «Гәргәрбектің гөйгөйі» комедиясы болды. Қойылымның режиссері Фархат Молдағали. Пьеасаны қазақшаға аударған Қазақстанынң еңбек сіңірген қайраткері, белгілі сатирик - Асқар Наймантаев. Татарстанның белгілі драматургы Туфан Миннуллиннің аталмыш шығармасы үлкен екі қызынан әбден көңілі қалған әкенің кіші қызын ата дәстүрмен күйеуге бермек болған ойынан бастау алады. Үш бірдей үміткер Үрпия қызға қол жеткізу жолында өнер көрсетуден, білек күшінен сынға түседі. Өзіне сенімді Жәбіш, еңбекқор Ләтөк және ұялшақ Нәмпай өз намыстарын қолдан бермеуге тырысып бақты. Гәргәрбек рөліндегі Тұрақ Дұрысбеков пен әйелі Қатипаш – Самал Тәшімованың диалогтары, сахнадағы өзара әріптестік әрекеттерінен күнделікті өмірдегі жұптары жазылмаған жұбайлардың сыйластығы, ерін құрметтеген әйел бейнесі, қарабайыр тірліктен тым әбігер мінезге душар болса да, әйеліне деген ізетінен, ынтызарлығынан арылмаған ер азаматтың бейнесі ұтымды шыққаны көрген көзге аса иланымды. Сахнада екеуара шүйіркелесе отырып, ән салуы қойылым реңін қоюлатып, жылы леп сыйлайды. Екі актердің де кейіпкерінің алдында бір мақсат тұр. Ол - ерке қызы Үрпияны қалай да, айдың, күннің аманында, абыроймен құтты орнына қондыру. Үрпия қыз ата-анасының қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп өсірген ең кенже қыздары. Соншалық ерке болғанымен, бойында ата-салтты аттамас тәрбиесі мен ақылы бар бойжеткен. Үрпияның рөлін қазақ театрында күні кеше ғана Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «муздрама» бөлімін тәмамдаған талапты актриса Балғын Сәулет кескіндеді. Ұстазы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев. Саханадағы тіл тазалығы, ерке қызға тән-жүріс тұрысы, орынды еркелігі мен өз бақыты жолындағы батыл күресі әдемі өріліп, бойжеткеннің біртұтас қылығын көрерменге жеткізе білді деуге толық негіз бар. Үрпия-Балғын Сәулет кейіпкерін игеру жолында штампқа жол бермеуге тырысқан. Әр сахнасын өзгеше әрлеп, әр сөзін халыққа дөп жеткізу жолында орынды жұмыс істеген. Болашақта Балғынның қанжығасы оң жанбасынан келетін сәтті рөлдерге толатындығына сенеміз. Алғашқы үміткер Нәмпай- Аманкелді Төлегенов өз кейіпкеріне жан бітіру жолында әлі де еңбек еткен жөн. Нәмпайдың бойынан табылуға тиісті жұмсақ та ұяң мінезді тәрбиелік есіп тұр. Актер өз кейіпкерін таба білді. Еңбекқор Ләтөк (Нұржан Асылхан) есімді тағы бір үміткер Үрпияны қолына қондыру жолында аянып қалмады. Оның ой ұшқырлығы мен табан астында ойлап табар қулығы, сахнада шырқаған әні көрермен жүрегінде ұзақ сақталады. Өзіне сенімді Жәбіштің де жалғыз арманына айналған Үрпия қыз еді. Жәбіштің (Нұрбол Асқаров) сахнадағы кейіпкеріне сай шалт қозғалысы, ширақ қимылы, көркем биі езуге күлкі үйірді, көрерменін сендірді.
Оркестрдің сүйемелдеуімен, жанды дауыстағы әнге құрылған әзілге толы комедияның артқан жүгі аса ауыр екендігі сөзсіз. Осы орайда, театрдың талантты дирижері Марат Жақыпов пен қойылымның жоғары деңгейде сахналануына бір адамдай еңбек еткен өнерпаздардың еңбегі - ерен. Спектакльдің суретшілері Е. Сүлейменов пен А.Тұрғынбаеваның еңбегін атап өткен абзал. Сахнада ілулі тұрған қызылды-жасылды маталар мен заманауи үлгідегі атауы танымал болған пакеттер қу дүниенің соңына жармасқан бүгінгі қоғамның хал-ахуалынан елес беріп тұрғандай. Тек жерге төселген құрақ көрпе үстінен ары-бері сабылған кейіпкерлер салт-дәстүрімізді ұмыт қалдырып бара жатқандығымызды үнсіз айтып жатқандай. Сахнаның арғы жағында көпір орналасыпты. Бұл қаймағы бұзылмаған ауыл көрінісін көз алдыңызға әкеледі.
Комедияның айтар ойы терең, мазмұнында мән бар... Сенбесеңіз, театрға келіңіз, көз жеткізесіз!


Балжан БЕКМАҒАМБЕТОВА,
театртанушы