Театр Румыния елін тәнті етті.
KZ | RU
Касса
8 (7152) 41-15-51,
41-25-32

Театр Румыния елін тәнті етті.

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры Румыния елін өнерімен тәнті етті.

StarTdrama лабораториясы «Fest(in) pe Bulevard» халықаралық театр фестиваліне арнайы шақырту алып, Болгария, Италия, Ресей, Франция және тағы да басқа елдердің театр тарландарымен қатар өнер көрсетті.

StarTdrama лабораториясы «86» атты soundrama жанрындағы қойылыммен Нотара театрында өнер көрсетіп, жергілікті театр көрермендерінің қошеметі мен белгілі өнер майталмандарының жылы лебізіне бөленіп, Дипломмен марапатталды.

– Фестивальді ұйымдастырушы Ралука ханым Алматыда биыл өткен үлкен халықаралық фестивальде «86» қойылымын көріп, тәнті болып, фестивальге шақырды. Румыниялық көрермендер тілді түсінбесе де, сахнадағы болған әрекеттерден, әдемі де әуезді әндерден, мұңлы әндерден, жанұшырып көрсеткен эмоциялық сахналардан әсер алып, жақсы пікірлерін, лебіздерін білдірді, - дейді театр директоры Біржан Жалғасбаев.

«86» спектаклі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің желісімен сахналанған. Бұл қойылымда ызғарлы желтоқсандағы қанды оқиғаның құрбаны болған жастардың рухы мен намысын, патриоттық сезімін көруге болады.